Жарияланған күні: 13.07.2015 16:49
Өзгертілген күні: 13.07.2015 16:49

Салық салу мақсатында барлық жерлер олардың нысаналы мақсатына және  мынадай санаттарға:

1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге;

2) елді мекендер жерлеріне;

3) өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығы емес мақсаттағы жерлерге (бұдан әрі - өнеркәсіп жерлері);

4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлеріне, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлерге (бұдан әрі - ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлері);

5) орман қорының жерлеріне;

6) су қорының жерлеріне;

7) босалқы жерлерге тиесілігіне қарай қарастырылады.

Жердің қандай да болсын санатқа тиесілігі Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленеді. Елді мекендер жерлері салық салу мақсаты үшін мынадай екі топқа бөлінген:

1) тұрғын үй қоры, соның ішінде олардың жанындағы құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жерлерді қоспағанда, елді мекендер жерлері;

2) тұрғын үй қоры, соның ішінде олардың жанындағы құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жерлер.

Жердің мынадай санаттары:

1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері;

2) орман қорының жерлері;

3) су қорының жерлері;

4) босалқы жерлер салық салуға жатпайды.

Аталған жерлер (босалқы жерлерді қоспағанда) тұрақты жер пайдалануға немесе бастапқы өтеусіз уақытша жер пайдалануға берілген жағдайда, олар Салық кодекстің 385-бабында белгіленген тәртіппен салық салуға жатады.

Жер салығы:

1) сәйкестендіру құжаттары: меншік құқығының актісі, тұрақты жер пайдалану құқығының актісі, өтеусіз уақытша жер пайдалану құқығының актісі;

2) жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әр жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша берген жерлердің мемлекеттік сандық және сапалық есебінің деректері негізінде есептеледі.

Төлеушілер

Мынадай:

1) жеке меншік құқығындағы;

2) тұрақты жер пайдалану құқығындағы;

3) бастапқы өтеусіз уақытша жер пайдалану құқығындағы салық салу объектілері бар жеке және заңды тұлғалар жер салығын төлеушілер болып табылады.

Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесінің орналасқан жерінде салық салынатын объектілер бойынша осындай құрылымдық бөлімшесін жер салығын дербес төлеуші деп тануға құқылы.

Заңды тұлғаның осындай тану немесе осындай тануды тоқтату туралы шешімі осындай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Егер жаңадан құрылған құрылымдық бөлімше жер салығын дербес төлеуші деп танылған жағдайда, заңды тұлғаның осындай тану туралы шешімі осы құрылымдық бөлімшенің құрылған күнінен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Егер осы бапта өзгеше көзделмесе мыналар:

1) шаруа немесе фермер  қожалықтары  үшін арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері бойынша бірыңғай жер салығын төлеушілер;

2) мемлекеттік мекемелер;

3) уәкілетті мемлекеттік органның қылмыстық жазаларды атқару саласындағы түзеу мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындары;

4) Ұлы Отан соғысына қатысушылар және соларға теңестірілген адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағы ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағы ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектер, сондай-ақ бала жасынан мүгедектің ата-анасының біpeyі, он сегіз жасқа толғанға дейін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар:

тұрғын-үй қоры, соның ішінде, оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жер учаскелері;

үй маңындағы жер учаскелері;

өзіндік (қосалқы) үй шаруашылығын жүргізу, бағбандық үшін берілген және құрылыс алып жатқан жерлерді қоса алғанда, саяжай құрылысына арналған жер учаскелері;

гараждар орналасқан жер учаскелері бойынша;

5) «Ардақты ана» атағына ие болған, «Алтын алқа» алқасымен наградталған көп балалы аналар:

тұрғын үй қоры, соның iшiнде оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жер учаскелерi бойынша;

үй маңындағы жер учаскелерi бойынша;

6) жеке тұратын зейнеткерлер:

тұрғын үй қоры, соның iшiнде оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жер учаскелерi бойынша;

үй маңындағы жер учаскелерi бойынша;

7) діни бірлестіктер жер салығын төлеушілер болып табылмайды.

3-тармағының 3)-7) тармақшаларында аталған салық төлеушілер пайдалануға, сенімгерлiкпен басқаруға немесе жалға берілген жер учаскелері бойынша салық төлеушілер болып табылады.

Жекелеген жағдайларда төлеушіні айқындау

Егер жер учаскелерін иелену немесе пайдалану құқығын растайтын құжаттарда немесе тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, пайлық инвестициялық қор активтерінің құрамына кіретін жер учаскесін қоспағанда, бірнеше тұлғаның ортақ меншігіндегі (пайдалануындағы) жер учаскесі бойынша осы тұлғалардың әрқайсысы жер салығын төлеуші болып табылады.

Пайлық инвестициялық қор активтерінің құрамына кіретін жер учаскесі бойынша осы пайлық инвестициялық қордың басқарушы компаниясы жер салығын төлеуші болып табылады.

Жер учаскесiне арналған сәйкестендiру құжаттары болмаған жағдайда, пайдаланушының жер учаскесiне қатысты жер салығын төлеушi ретiнде тану үшiн:

1) жер учаскесi мемлекеттік меншiктен берiлген кезде - жер учаскесiн беру туралы мемлекеттік органдардың актілері;

2) қалған жағдайларда азаматтық-құқықтық мәмiлелер негiзiнде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негiздерде осындай учаскенi нақты иеленуi және пайдалануы негiз болып табылады.

Лизинг алушы қаржы лизингінің шартына сәйкес жылжымайтын мүлік объектісімен бірге қаржы лизингіне берілген (алынған) жер учаскесі бойынша жер салығын төлеуші болып табылады.

Салық салу объектісі

Жер учаскесі (жер учаскесіне ортақ үлестік меншік кезінде - жер үлесі) салық салу объектісі болып табылады.

Мыналар салық салу объектісі болып табылмайды:

1) елді мекендердің ортақ пайдалануындағы жер учаскелері.

Алаңдар, көшелер, өткелдер, жолдар, жағалаулар, саябақтар, скверлер, гүлзарлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың мұқтаждарын қанағаттандыруға арналған өзге де объектілер (су құбырлары, жылу құбырлары, электр беру желілері, тазарту құрылғылары, күл-қоқыс құбырлары, жылу трассалары және басқа да ортақ пайдаланудағы инженерлік жүйелер) алып жатқан және соларға арналған жерлер елді мекендердің ортақ пайдалануындағы жерлерге жатады;

2) ортақ пайдаланудағы мемлекеттік автомобиль жолдарының желісі алып жатқан жер учаскелері.

Бөлінген белдеудегі ортақ пайдаланудағы мемлекеттік автомобиль жолдарының желісі алып жатқан жерлерге жер алаптары, жол тарамдары, өткерме жолдар, жасанды құрылғылар, жол бойындағы резервтер мен өзге де жол қызметін көрсету жөніндегі құрылғылар, жол қызметінің қызметтік және тұрғын үй-жайлары, қардан қорғайтын және әсемдік екпелер орналасқан жерлер жатады;

3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша консервацияланған объектілер орналасқан жер учаскелері;

4) жалға берілетін үйлерді күтіп-ұстау үшін сатып алынған жер учаскелері.

 

Жер салығын айқындау үшін жер учаскесінің алаңы салық базасы болып табылады.