Жарияланған күні: 20.09.2023 10:50
Өзгертілген күні: 20.09.2023 10:51

2023 жылғы 14-15 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде «GIZ» Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының қолдауымен Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көлік комитетімен бірлесіп ұйымдастырылған «Көліктік бақылау және тауарларды халықаралық жол тасымалы рәсімі бойынша өткізу тәртібі» тақырыбында халықаралық оқыту семинары өтті.

       Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары  Қайрат Жұмағұлов және Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Селим Қуанышұлы семинар қатысушыларына жылы лебіздерін білдірді.

      Қайрат Жұмағұлов өз сөзінде көлік пен логистиканы дұрыс басқару бірінші кезектегі маңызға ие екенін және мемлекеттік бақылау біздің елдеріміздің экономикалық мүдделерін қорғауда және азаматтарымыздың игілігі үшін ресурстарды ақылға қонымды бөлуді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

      Семинарға мемлекеттік кірістер органдарының аумақтық бөлімшелерінің және көліктік бақылау инспекцияларының 90-нан астам лауазымды тұлғалары, сондай-ақ Қырғыз Республикасы Қаржы министрлігі жанындағы Мемлекеттік кеден қызметінің өкілдері қатысты.

      Аталған семинар қатысушыларға Қазақстан Республикасында және ЕАЭО-да көліктік бақылауды жүзеге асыру және электрондық кезек жүйесінде көліктік бақылауды автоматтандыру кезінде нормативтік талаптарды қолдану және сақтау бойынша ақпарат алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Қазақстанда рұқсат беру жүйесіне қатысты мәселелер талқыланды.

      Іс-шара кедендік және көліктік әкімшілендіруді жақсарту жөніндегі жаһандық күш-жігерге ұжымдық үлес қосуға және берік әріптестік қатынастарды жолға қоюға ықпал ететін көліктік бақылау саласындағы алғашқы ауқымды семинар болып табылады.

      Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар тестілеуден сәтті өтіп, оқудан өткені туралы сертификаттар алды.