
Мемлекеттік кірістер комитетінде мемлекеттік бажды бюджеттен қай жағдайда және қалай қайтаруға болатыны туралы түсіндіріп берді.
Мемлекеттiк баж уәкiлетті мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың заңдық мәнi бар, оның ішінде құжаттарды (олардың көшірмелерін, телнұсқаларын) берумен байланысты әрекеттер жасағаны үшiн алынатын, бюджетке төленетін төлем болып табылады.
Мемлекеттік бажды төлеу үшін бюджеттік сыныптаманың екі коды көзделген:
108125 Республикалық бюджетке енгізілетін мемлекеттік бажы;
108126 Жергілікті бюджетке енгізілетін мемлекеттік бажы.
Мемлекеттік баждың төленген сомалары тиісті уәкілетті мемлекеттік орган электрондық база арқылы немесе қағаз түрінде оның жүзеге асырылуы үшін осындай төлемдерді төлеу талап етілетін іс-әрекеттерді жасамау фактісін (оның ішінде салық төлеушінің тиісті құжаттарды бергенге дейін іс-әрекеттер жасаудан бас тартуы нәтижесінде) растаған жағдайда, артық төленген болып танылады.
Мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруды мемлекеттік кірістер органы салық төлеуші ұсынған салықтық өтініштің және қайтарудың заңдылығын растайтын тиісті мемлекеттік органның құжатының негізінде жүргізеді.
Іс бойынша тарап болып табылатын мемлекеттік мекемеден мүдделі салық төлеушіге мемлекеттік бажды өндіріп алуды мемлекеттік кірістер органы салық төлеуші ұсынған салық өтініші және заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жүргізеді.
Мемлекеттік баж төленетін заңды маңызы бар іс-әрекеттерді және құжаттарды беруді уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізеді, сондай-ақ төлем құжатының "төлем мақсаты" жолында төлем туралы егжей-тегжейлі ақпарат көрсетілмейді. Сондықтан мемлекеттік бажды төлеген адамдар заңдық маңызы бар іс-әрекет жасаудан немесе құжатты алудан осы заңдық маңызы бар іс-әрекетті жасайтын органға жүгінуге дейін бас тартқан жағдайда мемлекеттік бажды қайтару үшін салық төлеушілерден уәкілетті мемлекеттік органдардың растайтын құжаттары талап етіледі.
Төленген мемлекеттік баж сомасын қайтару үшін төлеу орны бойынша мемлекеттік кірістер органына растайтын құжаттарды қоса бере отырып, «Салық өтініштерінің нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 12.02.2018 жылғы №160 бұйрығына 15-қосымшаға сәйкес нысан бойынша салықтық өтініш жіберіледі (https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V1800016425/links).
Бұл ретте қайтаруға арналған салықтық өтініш «Салық төлеушінің кабинеті» web-қосымшасы, egov.kz «электрондық үкімет» порталы, «e-Salyq azamat» мобильді қосымшасы - салық әмияны (жеке тұлғалар үшін) арқылы электронды түрде жіберіледі. Немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ арқылы растайтын қосымшасы бар құжаттар қағаз түрінде ұсынылады.
Мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруды мемлекеттік кірістер органы салықтық өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүргізеді.
Бұл ретте мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруға арналған құжаттар мемлекеттік баждың осындай сомасы бюджетке төленген күннен бастап үш жылдық мерзім өткенге дейін мемлекеттік кірістер органына ұсынылуға тиіс.
Сонымен қатар, талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан, талапкер өз талаптарын азайтқан, сот бұйрығының күші жойылған жағдайларда мемлекеттік баж қайтарылмайды.
«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бюджетке төлемдер қабылданғаннан кейін екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелері бюджетке төлемдер мен әлеуметтік төлемдерді төлеуге байланысты жүргізілген төлемдер туралы ақпаратты «электрондық үкіметтің» төлем шлюзіне жібереді.
Мемлекеттік қызметтер көрсетуді оңайлату, бюджетке төленген төлемдер мен әлеуметтік төлемдер сомаларын жедел растау, сондай-ақ төленгенін растайтын құжаттарды ұсыну туралы талапты болдырмау мақсатында мемлекеттік және уәкілетті органдары төлем шлюзіне қосылды.
Мұндай қосылу мемлекеттік және уәкілетті органдарға салық төлеушілер төлемді жүзеге асырғаннан кейін бірнеше минут ішінде төлемдер туралы ақпарат алуға, қызмет көрсету бойынша бақылауды жүзеге асыруға, қызмет көрсетілмеген жағдайда қайтаруға салықтық өтініш түскен кезде ақпаратты пайдалануға мүмкіндік береді.
Барлық мемлекеттік және уәкілетті органдарды төлем шлюзіне қосқаннан кейін салық төлеушінің қайтарудың негізділігін растайтын қағаз түріндегі уәкілетті мемлекеттік органның құжатын ұсыну қажеттілігі болмайды, өйткені мұндай қосылу төлемді пайдаланбаған кезде электрондық база деректері арқылы қайтаруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.