Date of publication: 21.09.2022 19:20
Date of changing: 21.09.2022 19:22

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің "Әуежай-Астана" кеден бекетінің қызметкерлері 2022 жылдың басынан бастап қолма-қол ақша қаражатын декларацияламай немесе заңсыз алып кетудің 55 фактісін анықтады. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

Декларацияланбаған қолма-қол ақша сомасы 498 454 908 теңгені құрады, атап айтқанда 1 083 599 АҚШ доллары, осы бұзушылықтар бойынша айыппұл сомасы 1 700 000 теңгеден асты.

Мысал келтірсек, 09.09.2022 жылы Астана қаласының "Нұрсұлтан Назарбаев" халықаралық әуежайында Дубайға бағытталған халықаралық әуерейсімен кетіп бара жатқан жолаушылар кедендік бақылаудан өткеннен кейін Астана қаласы бойынша МКД "Әуежай-Астана" кеден бекетінің қызметкерлері әуежайды тексеру қызметкерлерімен бірге Қазақстан азаматын тоқтатты. Ұстау кезінде декларацияланбаған ақша қаражаты анықталды, атап айтқанда 56 750 АҚШ доллары (бұл ҚР Ұлттық Банкінің 09.09.2022 ж.бағамы бойынша 26 911 985 теңгені құрайды). Заң бұзушы ақшаның бір бөлігін аяқ киімінің ұлтарағының астына, ал қалған бөлігін қол жүгіне жасырған.  Видеоға сілтеме: https://youtu.be/ZiYiUXp4gFo

25.08.2022 жылы Дубайға бағытталған халықаралық әуерейсімен кетіп бара жатқан жолаушылар кедендік бақылаудан өткеннен кейін Қазақстан азаматын тоқтатты. Ұстау кезінде декларацияланбаған ақша қаражаты анықталды, атап айтқанда 14 100 АҚШ доллары (бұл ҚР Ұлттық Банкінің 25.08.2022 ж.бағамы бойынша 6 513 918 теңгені құрайды).

"Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 830 Жарлығымен (Жарлық) Қазақстан Республикасынан әкетуге тыйым салынғанын еске саламыз:

- 10 мың АҚШ доллары баламасынан асатын және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің әкету күніне белгіленген бағамы бойынша есептелген сомадағы қолма-қол шетел валютасы және (немесе) шетел валютасындағы ақша құралдары;

- Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын 5, 10, 20, 50 және 100 г аффинирленген алтын құймалары және "ALTYN BARYS" алтынынан және "KÚMIS BARYS" күмісінен жасалған инвестициялық монеталар, сондай-ақ 100 г-дан астам аффинирленген алтын .

Осыған байланысты шетелге шығуды жоспарлаған азаматтардан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтауын сұраймыз.